Мемлекеттік экологиялық ақпарат қоры (бұдан әрі – МЭАҚ) Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
МЭАҚ қоршаған орта, табиғи ресурстар, орнықты даму және экология мәселелеріне қатысты экологиялық ақпаратты және өзге де нормативтік, статистикалық, есепке алу, есептілік, ғылыми және талдамалық ақпаратты жазбаша, электрондық, аудиовизуалдық немесе өзге де нысандарда орталықтандырылған жинау, есепке алу, жүйелеу, сақтау және тарату жүйесі болып табылады.
МЭАҚ өз қызметінде мыналарды басшылыққа алады:
- Орхус конвенциясын (2000 жылғы 23 қазандағы № 92-II ҚРЗ);
- Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 25-бабын (2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI ҚРЗ).
- Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидаларын (2021 жылғы 9 тамыздағы № 316).
МЭАҚ жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету, экологиялық ағарту және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдарды ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2009–2025 жылдар аралығында Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорында (МЭАҚ) шамамен 94 558 экологиялық ақпарат бірлігі жинақталды. Материалдарды мемлекеттік органдар МЭАҚ-қа жазбаша, көрнекі, дыбыстық, электрондық және өзге де материалдық нысандарда ұсынады.
Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының негізгі функцияларына мыналар жатады:
- мемлекеттік мекемелердің, азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың ресми экологиялық ақпаратқа жылдам әрі сапалы қол жеткізуін қамтамасыз ету;
- өтінімдер негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпаратты ұсыну;
- қызметтік және жалпы пайдалану үшін электрондық және қағаз жеткізгіштерде экологиялық деректер базасын құру;
- жеке және заңды тұлғаларға қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша кеңес беру.
2014 жылғы шілдеден бастап қордан экологиялық ақпарат беру мемлекеттік қызмет арқылы жүзеге асырылады. МЭАҚ қызметкерлері халықты экологиялық ақпаратты өтеусіз негізде алу мүмкіндігі туралы тұрақты түрде хабардар етеді.
МЭАҚ жүргізу шеңберінде ecogosfond.kz Бірыңғай экологиялық интернет-ресурсының жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Ол экологиялық тақырыптағы 8 700-ден астам материалды қамтитын бірыңғай ақпараттық платформа болып табылады. Ресурс Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының бөлімдерін, «ЭкоИнфоПраво» электрондық құқықтық базасын, Орхус конвенциясы жөніндегі материалдарды, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы ұлттық баяндамаларының архивін, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексін, сондай-ақ пайдаланушылардың экологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізуін қамтамасыз ететін өзге де ақпараттық материалдарды біріктіреді.
Қажетті ақпаратты іздеуді жеңілдету мақсатында қордың барлық деректері экологиялық ақпарат түрлері бойынша тіркеледі, сондай-ақ мынадай бағыттар бойынша жүйеленеді:
1. Жаһандық экологиялық проблемалар
- климаттың өзгеруі;
- озон қабатының бұзылуы;
- биоалуантүрлілікті сақтау;
- шөлейттену және жердің тозуы.
2. Ұлттық экологиялық проблемалар
- экологиялық апат аймақтары;
- Каспий теңізі қайраңы ресурстарын қарқынды игеруге байланысты проблемалар;
- су ресурстарының сарқылуы және ластануы;
- тарихи ластанулар;
- әскери-ғарыштық және сынақ кешендері полигондарының әсері;
- трансшекаралық сипаттағы мәселелер.
3. Жергілікті экологиялық проблемалар
- радиоактивті ластану;
- ауа бассейнінің ластануы;
- бактериологиялық және химиялық ластанулар;
- өндірістік және тұрмыстық қалдықтар;
- табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар.
4. Басқа бағыттар
Қор материалдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа да бағыттар бойынша жүйеленеді.